Бір жастағы баласын 1 000 000 теңгеге бағалап, сату кезінде 1993 жылы туған азаматша ұсталды.
ERNUR.KZ. Шымкент полицейлері кәмелетке толмаған баланы сату фактісінің жолын кесті, көкек-ана алты жылға бас бостандығынан айрылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлеріне жас ананың кәмелетке толмаған баласын сату туралы ұсынысы бар екені туралы жедел ақпарат келіп түскен. 2020 жылдың 11 қаңтарында өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде өзінің бір жастағы баласын 1 000 000 теңге сомасындағы ақшаға бағалап, сату кезінде 1993 жылы туған азаматша ұсталды.
Ол мұндай шешімге ақша тапшылығына байланысты бел буғанын жеткізді және одан баланы сатқаны үшін сатып алушыдан алған ақша қаражаттары алынды.
Шымкент қаласының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының 2020 жылдың 27 қыркүйегіндегі үкімімен аталған азаматша ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігінің 12-тармағы (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.