Ауруханада баланың жақындары дәрігерлерге "екі ярусты кереуеттен құлап қалды" деп мәлімдеген.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласында 5 жасар баланы ұрып-соғып өлтірді деген күдікпен өгей әке қамауға алынып, темір торға тоғытылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2018 жылдың бесінші желтоқсанында облыстық клиникалық ауруханасына Шымкент қаласы Қарабастау елдімекенінде тұратын 2013 жылы туған бүлдіршін дене жарақатымен жеткізілген. Ауруханада баланың жақындары дәрігерлерге "екі ярусты кереуеттен құлап қалды" деп мәлімдеген. Бірақ, тағайындалған сараптаманың алғашқы нәтижесінде баланың алған дене жарақатынан мерт болғаны анықталған.
Сараптаманың алғашқы тұжырымдамасы бес жасар балақайдың көк бауыры езіліп кеткендігін көрсеткен. Тәртіп сақшыларының тергеуі барысында күдікті ретінде өгей әкесі 1996 жылы туған ер адам танылған.
"Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан» 106-баптың 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері баланы өлтіруге қатысы бар күдікті ретінде өгей әкені ұстап, уақытша ұстау абақтысына жеткізді", - деп хабарлайды Шымкент қаласының Полиция департаментініңбаспасөз қызметі.