​Шымкентте бизнесменді өз үйінде өлтіріп өртеп жіберген ер адам 20 жылға сотталды

0
846

Қылмыскер кәсіпкерді өлтіріп, мәйітті өртеп жіберген соң үйдегі бағалы заттарды және 15 млн. теңгеге жуық ақшаны жымқырған.


​Шымкентте бизнесменді өз үйінде өлтіріп өртеп жіберген ер адам 20 жылға сотталды

Шымкентте бизнесменді өз үйінде өлтіріп өртеп жіберген ер адам 20 жылға сотталды, деп хабарлайды Ernur.kz тілшісі.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 59 жастағы Костин А.Н. ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен, 192-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен және 202-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Шымкент қаласы Майлықожа көшесіндегі екі қабатты үй өртеніп ішінен 65 жастағы үй иесінің мәйіті табылған еді. Тағайындалған сот медициналық сараптама нәтижесі кәсіпкердің көкірек тұсына пышақ тиіп көз жұмғанын көрсеткен. Өрт сөндіру қызметінің сарапшылары да бизнесменнің үйіне әдейі өрт қойылғанын анықтаған. Қанды оқиға өткен жылдың маусым айында 17-нен 18-не қараған түні болған. Сотталушы Александр Костин үйдің сатылатындығы туралы хабарламаны кездейсоқ көріп қап жалған сатып алушы боп үй иесімен танысып алған. Үйде марқұмның жалғыз өзі тұратындығын, бағалы заттарды байқаған ол арам пиғылын іске асырмақ болады. Бірнеше күннен соң өзімен бірге екі шөлмек бензин алып бизнесменнің үйіне қайта келеді. Сатып алушы деп қабылдап, кәсіпкер тіпті дастархан жайып қонақ етеді. Сол кезде қаскөй үй иесінің көкірек тұсына пышақ сұғып алған. Сөйтіп А.Костин үйден бағалы заттар мен әшекейлерді, 15 млн. теңгеге жуық ақшаны жымқырған. Қылмысын жасыру үшін пластикалық бөтелкелермен ап келген бензинді құйып үйді қасақана өртеп жіберген. Оқиға орнынан қашып кеткенімен полицейлер бір айда қолға түсірген.
"Сотталған А.Н.Костиннің қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сот, оның кінәсін жартылай мойындайтындығын, оған шын көңілден өкінетіндігін және тұрғылықты жері бойынша оң мінездемесін, ал ауырлататын мән-жайлар ретінде, қылмысты спирттік ішімдік ішкен мас халде жасағандығын назарға алды,"- деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі. Айта кету керек, үкім заңды күшіне енбеген.