Ер адамнан макаров тапаншасы, 3 оқ және жиналмалы пышақ тәркіленді.
Шымкентте бопсалаумен айналысқан қаруланған ер адам құрықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына қала аумағында бопсалаумен айналысатын қарулы күдікті бар екені туралы жедел ақпарат келіп түскен. Полицейлер аталған дерек бойынша күдіктіге қатысты жеке мәліметтерді жинақтап, жедел іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Оның бұған дейін ҚР ҚК-нің 125-бабы (Адам ұрлау),126-бабы (Бас бостандығынан заңсыз айыру), 293-бабы (Бұзақылық), 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша сотты болғаны анықталды.
"Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы “Қару” операциясын өткізіп, күдіктіні уақытша тұрғылықты мекенжайында қолға түсірді. Ер адамнан макаров тапаншасы, 3 оқ және жиналмалы пышақ тәркіленді", - делінген жазбада.
Аталған жайт Әл-Фараби АПБ-да ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қоса, күдіктінің атыс қаруын қолдану арқылы басқа да қылмыстарға қатысы бар жоқтығы тексеріледі. Оған бұлтартпау шарасы тағайындалды.