Тұрғындарды мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант ақша, төмен пайызбен несие алып береміз деп сендірген.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкентте азаматтарды 100 млн теңгеге алдап соққан алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант ақша, төмен пайызбен несие алып береміз деп сендірген. Осылайша алаяқтық жолмен бірнеше рет ірі мөлшерде және аса ірі мөлшерде ақшаларын заңсыз иемденіп отырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 100 млн теңгені құрайды.
“Барлық жайттың мазмұны біртектес болғандықтан тәртіп сақшылары жан-жақты жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жедел-тергеу тобы куәлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтардың жүруі мүмкін жерлер жіті қаралды. Нәтижесінде алаяқтықты кәсіп еткен 6 адамнан құрылған топ анықталды”, - делінген баспасөз хабарламасында
Оларға қатысты ҚР ҚҚ-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда 4 азаматша ұсталып, оларға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған. Ал бір азаматша Нұр-Сұлтан қаласының сотымен 3 жыл 6 айға сотты болып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде. Тағы бір айып тағылған күдікті тұлға Әл-Фараби аудандық сотынан бой тасалауына байланысты мемлекетаралық іздеуге жарияланған.