Шымкентте қайтарымсыз гранттың 1-легіне өтінімдер қабылданып жатыр

0
853

Өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылуда.


Шымкентте қайтарымсыз гранттың 1-легіне өтінімдер қабылданып жатыр

Бүгін «Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Шағдат Әсетұлы «Жаңа бизнес-идеяларды дамыту мақсатында берілетін қайтарымсыз мемлекеттік грант» тақырыбында брифинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы бойынша қайтарымсыз гранттың 1-ші легіне өтінімдер қабылдау басталды. Оған 2019, 2020, 2021 жыл аралығында «Бастау бизнес» оқу курсын аяқтаған, сертификаты бар төмендегі санаттарға жататын жұмыссыз азаматтар өтінім бере алады:
1. атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
2. көп балалы отбасы мүшелері;
3. қандастар, қоныс аударғандар;
4. мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және (немесе) мүгедектер;
5. жұмыссыз жастар (29 жасқа дейін) қатыса алады.
Өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылуда. Гранттан үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, осы жылдың 14 сәуіріне дейін өтінім беруі тиіс. Жоғарыда көрсетілген санаттарға сәйкес келетін үміткерлердің порталдағы өтініш саны 600-ге жеткенше қабылданады.
2019 жылы «Бастау бизнес» оқуын аяқтағаны туралы сертификаты бар азаматтар үшін қосымша ескертетін жайт, порталда өтінім бергенде сертификаттары мен белгіленген қаржы мөлшеріндегі бизнес–жоспарлары PDF немесе Word құжатына біріктіріп, тіркеулері қажет.
Сонымен қатар, спикер соңғы кезде осы мемлекеттік грантқа белгілі бір көлемдегі қаражат арқылы өтініш беріп, грантты алып береміз деп уәде беріп жатқан делдалдар қызметі жайлы ел арасында жалған ақпараттар көбейіп жатқандығын атап өтті.
«Айта кететініміз, ешкімге сенбеңіздер! Егер Сіз жоғарыда атап көрсетілген санаттарға жататын болсаңыз, мемлекеттік грант тағайындау тәртібі бойынша өтініш беріп, өтінішіңіз қабылданған жағдайда, арнайы құрылған комиссия мүшелерінің қатысуымен өтетін отырыста бизнес жоспарыңызды қорғайсыздар. Комиссия оң шешім берген жағдайда грант иегері атанасыздар. Теріс шешім алған жағдайда келесі лектің талаптарына сәйкес келген жағдайда, қайта өтініш берулеріңізге болады», - деді Шағдат Әсетұлы.
Айта кету керек ҚР Үкіметінің қаулысымен «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 2022 жылы 1150 азаматқа мемлекеттік грант (2022 жылы - 400 АЕК – 1 225 200 тг. 2021 жылы - 200 АЕК – 584 000 тг. болған) беру жоспарланып отыр.
2021 жылы 784 азаматқа грант берілген. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен жылы мемлекеттік грантқа құжаттар Telegram Bot әлеуметтік желісі арқылы қабылданып, келіп түскен өтініштер Орталық мамандарымен жіті тексеріліп, тиісті санаттарға сай азаматтардың өтініштері қабылданған.