Шымкентте карантин шаралары мезгілсіз уақытқа дейін ұзартылды

0
884

Шектеулер қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды.


Шымкентте карантин шаралары мезгілсіз уақытқа дейін ұзартылды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкентте карантиндік шектеу шаралары 20 сәуірден бастап тағы да жалғасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысында айтылды. «Шымкент қаласында карантин режимі ұзартылсын және коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылғы 20 сәуірден бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін күшейтілсін» деп бекітілген.

Жаңа қаулыға сәйкес, адамдардың көп жиналуына байланысты кез-келген (ауызашар, еске алу, туған күндер, мерей тойлар, шығарып салу, құдалық той, беташар және басқа) шараларды өткізуге тыйым салынды. 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектелді.

Сауда орталықтарында, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендерде, халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандарда және адамдар көп жиналуға мүмкіндігі бар орындарда күнделікті дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Банкет залдардың, мектеп асханаларының жұмысына тыйым салынды. Автовокзалдар мен автостанциялардың жұмысы тоқтатылады.

Адамдардың аялдамаларда және қоғамдық көліктерде шоғырлануын болдырмау мақсатында қарбалас сәтте желіде көлік құралдарының (автобустардың, шағын автобустардың) саны көбейтіледі, қалған уақытта қозғалыстың біркелкі кестесі ұйымдастырылады.

Барлық нысандарда, оның ішінде қоғамдық көлікте, таксиде санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу қамтамасыз етіледі. Шымкент қаласына вакцинаны жеткізудің жоспарланған көлемін ескере отырып КВИ-ға қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасады.

Осы қаулы 2021 жылғы 20 сәуірден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласы «қызыл» аймақта.