“Royal Rouse” салтанат сарайында той болып жатқаны әлеуметтік желіде жарияланған.
Шымкентте карантин уақытында жұмыс істеп жатқан мейрамхана мен кафелердің иелері жауапқа тартылып жатыр, – деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
17 шілде күні “Instagram” әлеуметтік желісі арқылы Шымкент қаласы Бәйдібек би көшесінің бойында орналасқан “Royal Rouse” салтанат сарайында той болып жатқаны көрсетілген.
Интернет желісіне салынған жазба бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі учаскелік полиция инспекторлары, Шымкент қаласы Қаратау аудандық әкімшілігінің қызметкерлері және Шымкент қаласы Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлерінен құралған мобильді топ шығып, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесі бойынша, аталған мейрамхананың артқы бөлігінде ашық алаңда орналасқан “Elita Garden” кафесінің тұтынушылары тамақтанып кеткені анықталды.
Орын алған оқиға бойынша, аталған мейрамхананың иесінен түсініктеме алынып, тиісінше АКТ түзілді.
ҚР ӘҚБтК-нің 802-бабы 2-бөлімін басшылыққа ала отырып, заңды шешім қабылдау үшін, жинақталған құжаттар Шымкент қаласы Қаратау аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданатын болады.