Шымкентте кәсіптік білім беретін 12 оқу орталығы мемлекеттік тапсырыс алды

0
849

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында жалпы 82 оқу орталығы жұмыс істейді.


Шымкентте кәсіптік білім беретін 12 оқу орталығы мемлекеттік тапсырыс алды

Шымкент қаласында кәсіптік білім беретін 12 оқу орталығы мемлекеттік тапсырыс алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мәлімдеді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында жалпы 82 оқу орталығы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында 2480 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алса, кәсіпорындар мен қауымдастықтар жанындағы 12 оқу орталығы мемлекеттік тапсырыс алған.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін оқу орталықтарының тізілімін жүргізеді. Кәсіпкерлер құқығын қорғаумен бірге жергілікті кәсіпкерлік палата кадр дайындау мәселесіне де айрықша назар аударады. Өйткені кәсіпорындардың жұмысын алға жетелеп, табысты ететін — оның кәсіби мамандары. Шымкентте жылдан-жылға өндіріс орындарының саны артып келеді. Сондықтан білікті мамандарға деген сұраныстың да көбейетіні түсінікті. Шымкентте кәсіпорындар жеке оқу орталықтарын ашып, маман даярлауға өз үлестерін қосуда. Оқу ақысы мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы төленеді. Осы арқылы біріншіден, жұмыссыздықпен жүйелі күрес жүргізілсе, екіншіден, дуальді оқыту жүйесі арқылы кәсіпорындар өздеріне қажетті мамандарды дайындай алады. Қазіргі таңда кәсіпорындар мен ассосациялар жанындағы 12 оқу орталығы мемлекеттік тапсырыс алды. Еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес 1880 адам 18 оқу орнында 24 мамандық бойынша оқитын болады (олардың 6 - ы кәсіпорындар жанындағы орталықтар «PORT-I» ЖШС, «Recomp» ЖШС, «Есімбекова Г.А.» ЖК, «Мөлдір» ЖК, «Нұршуақ мүгедектер қоғамы» МҚ, «Gasa Fashion House» ЖШС), - деді Палата директоры.
Атап айтар болсақ, кәсіпорын базасындағы оқу мерзімі 3-6 айға созылады. Болашақ мамандар оқу барысында ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуға 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыздар құқылы. Дәрістер аптасына 6 күн 6 сағаттан өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін арнайы сертификат беріледі. Сондай-ақ колледж, университет студенттері күндіз оқуын оқып, түс қайта кәсіпорында жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдай алады екен. Ол үшін студентке еңбекақы төленеді. Кейін оқуын бітіріп, қолына диплом алған соң, жұмыс іздеп жүрмейді, бұрынғы тәжірибеден өткен кәсіпорнына барып бірден жұмысқа тұрып кетеді.

Бұл қызметті атқару да палатаның құзыретіндегі міндетке жатады. Осының аясында кәсіпорын, кәсіпкерлер палатасы және оқу орны арасында үшжақты келісімге қол қойылады. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер ұйымы студенттерді оқу бітіріп, жұмысқа орналасқанға дейін мониторингте ұстайды. Бұдан бөлек палатаның ұйытқысымен мектеп пен жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мен курс енгізілді. Бизнес әліппесін үйрететін мамандар даярлау ісі де кәсіпкерлер ұйымының мойнында, - дейді Палата директоры.