Шымкентте кепілдендірілген медициналық қызмет көрсетуге бөлінетін қаржының көлемі 88 пайызға артқан

0
2 441

Шаhар басшысы вакцинациялау ерікті түрде жүргізілетінін жеткізді.


Шымкентте кепілдендірілген медициналық қызмет көрсетуге бөлінетін қаржының көлемі 88 пайызға артқан

Шымкент қаласының тұрғындарын кепілдендірілген медициналық қызмет көрсетуге бөлінген қаржы көлемі 88 пайызға артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
Былтыр Шымкент қаласының тұрғындарын кепілдендірілген медициналық қызмет көрсетуге бөлінген қаржы 88 пайызға артты. Яғни, 2019 жылы шамамен 42 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 80 млрд теңгеге жуық бөлінді. Биыл да осы деңгейде қаражат қаралады, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, медицина саласында тағы бір үлкен жаңалық болғалы тұр. Яғни, биыл Онкологиялық ауруханада ПЭТ/КТ орталығы мен сәулелі терапия орталығы ашылады. Мұндай орталықтар елімізде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана бар.
«Бұл орталықтар мемлекеттік медицина ұйымдарының бәсекелестікке қабілеттігін арттыра түседі. Бас дәрігерлердің міндеті науқасқа жағдай жасау, адам емханадан көңілі тоқ болып шығуға тиіс. Жақсы дәрігер сөзбен де емдеп жібереді. Басы ауырып, балтыры сыздап келген науқасты емдеуден бұрын оны күлімдеп қарсы алу, мейіріммен қабылдау да аса маңызды» деп, айрықша атап өтті қала әкімі.
Мұрат Дүйсенбекұлының сөзінше, коронавирус індетімен күресу жалғасып жатыр. Бүгінде қалада вирусқа қарсы Ресейдің «Sputnik V» вакцинасы салынуда. Ал алдағы уақытта отандық «QazCovid» вакцинасы егіледі. Осы ретте шаhар басшысы вакцинациялау ерікті түрде жүргізілетінін жеткізді.