Жұмыстан босаған азаматтардың сақтандырылған мәртебесі үш ай бойы сақталады
ERNUR.KZ. Шымкент қаласында тұрғындардың басым көп саны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылып отыр.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша халық саны 1 миллион 229 мың адамды құраған болса, олардың 81 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. 220 мың 554 адам сақтандырылмаған. Мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жалғастыруда.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босатылған тұрғындар саны 720 735 болып отыр. Жалпы, халық санының 58,7 пайызын құрайды.
Соңғы 12 айда міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру жарналары тұрақты түрде аударылған азаматтардың сақтандырылған мәртебесі жұмыстан босағаннан кейін де 3 ай бойы сақталады.
Мәселен, қызметкер үшін соңғы төлем 2024 жылдың сәуірінде енгізілсе, мәртебесі биылғы жылдың шілде айына дейін сақталады. Бірақ жарна төленбеген кезеңдер үшін қарыз жинақталады.