Сенбі, жексенбі және мереке күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен қаладағы эпидемиологиялық ахуал мен карантиндік шаралар туралы баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шыңғыс Жұмабекұлының баяндауынша, бүгінде қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин шаралары күшейтіліп отыр. Мәселен, Шымкентте өткен тәулікте covid-19 инфекциясын жұқтырған 416 жағдай тіркелген.
– Қазіргі таңда қалада эпидемиологиялық ахуал күрделі, бұл жағдай әкімдіктің тұрақты бақылауында. Шаһарда коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленген. Бұл ретте бүгінде қалада мамандандырылған инфекциялық 2 196 төсек-орын бар. Дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ) жеткілікті. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – коронавирусқа қарсы вакцинацияны қабылдау. Шымкент қаласы бойынша қазірге дейін I компонентпен 330 305 адамға, ІІ компонентпен 202 020 адамға екпе егілді. Жалпы вакциналанған тұрғындардың көрсеткіші қала бойынша 60 пайыздан асып отыр. Тұрғындарды вакцинациялауды ұйымдастыру үшін 43 егу бекеті және 25 жылжымалы егу бекеті бар. Ең маңыздысы – халықтың денсаулығы, адамдардың амандығы. Алдағы екі аптада эпидемиологиялық ахуалды бақылап, зерделейміз. Егер жағдай тұрақталса, карантин шаралары жеңілдейді. Сондықтан, санитарлық талаптарды мейлінше қатаң сақтауға шақырамын, – деді Шыңғыс Мұқан.
Баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев «Атамекен» ҚР ҰКП эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына алаңдаушылық білдіретінін айтып, ахуалға байланысты бизнес субъектілерін минималды шығынмен шығару мақсатында ұсыныстарын жеткізді.
– Ең алдымен, вакцинациялау бойынша ынталандыру шаралары ретінде бизнес субъектілеріне рұқсат ету критерилерін белгілеу: Яғни, қызметкерлерінің 50 пайыздан астамы вакцинацияланған және «Ashyq» жобасына адал қатысқан нысандарға шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат беру. Сондай-ақ, бұл жобаны барлық саладағы бизнес субъектілеріне ендіру. Осы орайда СОО/СҮ және базарларындағы кіру орындарында аталған қосымша арқылы статусты салыстыруды жүзеге асыратын өткізу жүйелерін (турникет) пайдалану қажет. Бұл ретте «Ashyq» жобасына кіру бойынша алгоритмдерді оңайлату керек, – деді ол.
Сонымен қатар, Нұрлан Орынбасарұлы Мәскеу қаласының инфекцияның таралуына қарсы тұру барысында «Covid-19 тегін аймақтар» тәжірибесін пилоттық жоба ретінде енгізуді алға тартты. Бұл жоба кезінде кәсіпкерлердің жұмысына тыйым салынбайды. Дегенмен спикер аталған ұсыныстар күрделі эпидахуал бірқалыпқа түскен соң енгізілуі мүмкін екенін айтты.
Брифинг барысында сөз алған Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметов инфекцияның тіркелуінің жоғарылауына байланысты бірқатар шектеу шарасын айтып өтті.
Оның сөзінше, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа Қаулысына сәйкес сенбі, жексенбі және мереке күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады. Ал базарлардың жұмысы демалыс күндері шектеледі, тек жұмыс күндері сағат 20:00-ге дейін істейді. Оған қоса, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа да кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.