Шымкентте конго-қырым геморрагиялық қызбасына ықтимал жағдай тіркелді

0
622

Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды.


Шымкентте конго-қырым геморрагиялық қызбасына ықтимал жағдай тіркелді

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
16 мамыр күні Шымкент қаласында 1 «КҚГҚ ықтимал жағдайы» тіркелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының 46 жастағы тұрғыны асқазан-ішектен қан кету, ауыр дәрежелі деңгей диагнозымен Облыстық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жүгінген. Осы күні науқас «КҚГҚ ықтимал жағдай» диагнозымен Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды.

“Бүгінгі күнге науқастың жалпы жағдайы интоксикация мен геморрагиялық синдромға байланысты ауыр дәрежеде. Науқас оқшауланып, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Науқаспен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды, оның ішінде 9 адам - медициналық қызметкерлер, барлығы медициналық бақылауға алынды. Індеттің алдын алу мақсатында кешенді эпидемиологиялық, зоопаразитологиялық және ветеринарлық алдын алу іс шаралары тиісті мамандармен жалғасуда”, - делінген баспасөз хабарламасында.

Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Өткен жылы КҚГҚ-ның 2 жағдайы тіркелген.

Қалада кене шағып медициналық көмекке қаралған 284 адам тіркелді (2021 жылдың ағымдағы мерзімінде – 94 адам), яғни өткен жылдың осы мерзімімін салыстырғанда кене шағу жағдайы 3 есеге өскен.

Осы ретте, Шымкент қаласында кенелердің көбеюінің және адамдар арасында КҚГҚ ауруының тіркелуінің алдын алу мақсатында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жалғасып жатқанын еске саламыз.

КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының мамандарымен тұрақты түрде санитариялық-ағартау және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.