Шымкентте қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылды

0
2 535

Қазақ елінің тарихы толыққанды жарияланған жоқ.


Шымкентте қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылды

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Күн тәртібінде комиссия құрамы нақтыланып, жұмыс жоспары бекітілді. Оның қатарында басқарма басшылары, ғалымдар, тарихшылар және қоғам белсенділері бар. Алдағы уақытта жұмысшы топтары құрылып, архивтер мен жергілікті мұрағаттар зерттелетін болды.

- Тәуелсіздік жылдардан бастап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шаралары жүргізілді. Бірақ бүгінге дейін ақталмаған құрбандар туралы статистика әлі де нақтылауды қажет етеді. Әлі де ашылмаған озбырлықтың зардабы көп болуы мүмкін. Боздақтарды ақтап алуға барлығыңыздың жауапкершілікпен қарауыңызды сұраймын, - деді Шыңғыс Мұқан.


Отырыста ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды. Комиссия құрамы қала тұрғындарына хабарландыру жариялайды. Зұлмат жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, ақталмаған туыстары бар жандардың Шымкент қаласы әкімдігіне хабарласуына болады.

- Біздің қолымыздағы архивтерде зардап шеккен боздақтардың сырт қалып кетуі мүмкін. Егемен ел болғанымызбен, Қазақ елінің тарихы толыққанды жарияланған жоқ. ТМД елдерінде Украина мен Қазақстаннан басқа зардап шеккен ел жоқ. Шындықты айтатын уақыт келді,- деді Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов.


Айта кетейік, мұндай комиссия республиканың барлық аумағында құрылуда.