Абай ауданы аумағында осы жылдың 1–26 шілде күні аралығында 3 157 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласында мобильдік топтың жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Шымкент қаласы аудан әкімдерінің қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Абай ауданының әкімі Б.Парманов аудан аумағындағы мобильдік топтардың жұмыстарын баяндады.
– Абай ауданы аумағында осы жылдың 1–26 шілде күні аралығында 3 157 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде карантиндік режим талаптарын бұзған 109 нысан анықталып, 102-ге тіркелді. Мобильдік топтың құрамына ерікті түрде Қоғамдық бірлестік өкілдері және №13 қалалық емхана мен учаскелік полиция қызметкерлері енгізілді. Сондай-ақ мобильдік топтың құрамы жандандырылып, тиісті қалалық 4 басқармадан (Кәсіпкерлік, Ауыл шаруашылығы, Жолаушылар көлігі және Еңбек инспекциясы) мамандар қосылды, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы.
Сонымен қатар, Қаратау ауданының әкімі Абзал Шымкентбайұлы тұрғындарды вакцина алуға шақырды. Оның сөзінше шектеу шараларын сақтап, бетперделік режимді орындау эпидахуалдан шығар бірден-бір жол дейді. Осы орайда аудан басшысы карантин талабын сақтамаған «Royal rose» ресторанының жұмыстары сотпен тоқтатылғанын жеткізді.
Ал Шымкент қалалық Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаевтың айтуынша, аудан аумағында карантиндік шектеу шараларын орындамаған 416 жеке және заңды тұлға анықталып, хаттама толтырылған. Оның ішінде 18 жеке кәсіпкер, 5 заңды, 12 лауазымды және 388 жеке тұлға бар.
– Әл-Фараби ауданы аумағында 10 мобильдік топ жұмыс жасайды. Осы жылдың 1 шілдесінен бүгінге дейін 4 763 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Ал «Ashyq» жобасына қатысатын субъектілер сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Бірақ сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынады, – деді Рашид Мамытұлы.
Айта кетейік, Еңбекші ауданы бойынша COVID-19 індетінің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында мобильдік (мониторингтік) топтардың саны (аудан әкімі аппараты, аудандық полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер) 6 дан 10-ға дейін көбейтілген. Бұл ретте карантин талабын өрескел бұзған 8 нысанға айыппұл салынып, 1 ай мерзімге қызметі тоқтатылған.