Шымкент қаласы бойынша өкпе туберкулезі өткен жылмен салыстырғанда 18 жағдайға төмендеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Айгүл Мелесқызы брифинг барысында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы туберкулез аурушаңдығының эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты. Бірақ 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың 9 жағдайға артуы байқалған.
Сонымен қатар, ағымды жылдың 2 айында жалпы туберкулездің 40 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық 26 (40%) жағдайға, оның ішінде өкпе туберкулезі өткен жылдың өткен мерзімімен салыстырғанда 18 жағдайға төмендеген. Аурушаңдық 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында тіркелмеді.
Туберкулездің алдын алудың негізгі шаралары:
- Жеке бас гигиенасын сақтау: қолды, ыдысты жуу, жеке ыдыстарды пайдалану, жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен немесе шынтақпен жабу;
- Салауатты өмір салты: жүйелі, белсенді дене жаттығулары және жақсы демалыс;
- Тиімді тамақтану: ет, сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде пайдалану;
- Жаман әдеттердің алдын алу: темекі шегу, ішімдік, нашақорлық;
- Бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп, үйде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қақырықпен ластанудан қорғау;
- Тіркелген емханада уақтылы Манту сынамасынан, флюорографиялық тексеруден өту және БЦЖ вакцинациясы мен ревакцинациясын алу.
Айта кетейік, алдын алу және диагностикалық мақсаттарда ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялық зерттеулер мен Манту сынамасы жүргізіледі. Науқасты кеш анықтаған кезде туберкулездің бациллярлы немесе асқынған түрі қоғам үшін өте қауіпті болуы мүмкін.
Уақтылы емделмеген жағдайда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастар жылына 10-нан 15 адамға дейін ауруды жұқтыруы мүмкін. Науқастардың 54%-ын еңбекке қабілетті 18-44 жас аралығындағы адамдар құрайды. Туберкулез таяқшасы қоршаған ортада, әсіресе қақырық пен топырақта едәуір ұзақ уақыт сақталады.