Ал балабақшалар штаттық режимде жұмыс істейді.
иллюстрациялық сурет: ашық
дереккөзден
Шымкентте 5 қаңтардан бастап енгізілген төтенше жағдайға байланысты оқушылар мен студенттердің қысқы демалысы ұзартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ал балабақшалар штаттық режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткізілуге жоспарланған Ұлттық бірыңғай тестілеуге де өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
– Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім алушылары мен мектеп оқушыларына ҰБТ мерзімінің өзгергені туралы хабарлаймыз. Тестіленуші өзгерген тестілеу күнімен жеке кабинетінен таныса алады. Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың сын сағатта жанымызда болып, барлық ахуалды бірден бақылауға алып, халқына арнаған Үндеуін тыңдап, жағдайдың жақсаратынына сендік. Егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналатынымызға сенеміз. Қаламыздағы жағдайларға байланысты ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етулерін, үйден шығармай ұстауларын және үнемі ересек адамдардың жанында болуын қадағалауларыңызды сұранамыз, - деді Ж.Тәжиева.