Шымкентте өрт сөндірушілер мен құтқарушылар марапатталды

0
532

Марапатталғандардың әрқайсысы адамдарды табиғи және техногендік апаттардан құтқарып, күн сайын өз өмірлерін қатерге тіккен, өз ісінің кәсіби мамандары.


Шымкентте өрт сөндірушілер мен құтқарушылар марапатталды

Бүгін Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күні кәсіби мерекесіне орай өткізілген салтанатты іс-шаралар тізбегі туралы арнайы баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Кәсіби мерекеге арналған салтанатты іс-шарада қызмет барысында ерекше көзге түскен өрт сөндірушілер мен құтқарушылар және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы ТЖ Министрінің бұйрығымен екі қызметкерге мерзімінен бұрын арнаулы атақтар беріліп, «Төтенше жағайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен, «Азаматтық қорғау жүйесіне қосқан үлесі үшін» және «Құтқарушы» төсбелгілерімен 9 қызметкер марапатталды. Сонымен қатар, 33 қызметкер Министрдің, қала әкімінің және Мәслихаттың «Құрмет грамоталарымен» марапатталды», - деді Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты басқарамасының басшысы Бекзат Қамбаров.

Марапатталғандардың әрқайсысы адамдарды табиғи және техногендік апаттардан құтқарып, күн сайын өз өмірлерін қатерге тіккен, өз ісінің кәсіби мамандары. Олардың кәсібилігі мен қалыптасқан жағдайдан шығудың жолын таба білуі құрметке лайық.

Бұдан бөлек, кәсіби мерекеге орай, мектеп оқушыларының және ТЖ департаменті қызметкерлерінің балалары арасында «Құтқарушы» тақырыбында сурет салудан байқау, ашық есік күні, ашық сабақтар, экскурсиялар, журналистерге арналған баспасөз турлары және қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімдері өтті.

Сонымен қатар, жыл сайын құтқарушылар арасында қаза тапқан батырларға құрмет көрсетіп, еске алу мақсатында футболдан турнир, өрт-құтқару спортынан жарыстар өткізу дәстүрге айналған.