Шымкент қаласына Ресейдің «Петровакс Фарм» компаниясы шығарған «Гриппол Плюс» үшвалентті тұмауға қарсы вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында баспасөз конференциясында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы баяндап берді.
Сәуле Сансызбайқызының айтуынша, вакцина қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында сақталып, медициналық мекемелерге таратылуда. Жаппай иммундау науқаны аясында 2024 жылы қала халқының шамамен 12-12,5%-ы қамтылатын болады.
Еске салсақ, аталған баспасөз конференциясында күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түсетіндігін және бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты екендігі айтылған болатын.
Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы кеңінен баяндады.