Шымкентте ұзындығы үш шақырымнан асатын үш көшеге асфальт төселді

0
428

Биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылады.


Шымкентте ұзындығы үш шақырымнан асатын үш көшеге асфальт төселді

Шымкент қаласында ұзындығы үш шақырымнан асатын үш көшеге асфальт төселді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еңбекші ауданындағы Базарқақпа тұрғын алабының халқы көптен бері кездесулерде жол мәселесін көтеріп келген. Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шара жоспарына еніп, былтырдан бері аталған тұрғын алаптың барлық көшелері кезең-кезеңімен ретке келтірілуде.

Жалпы ұзындығы 3,80 шақырымды құрайтын Кендала, Жастар, Тельман көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Ал, жолға төселген асфальттың қалыңдығы 10 см.

“Көшелерімізге 30 жылдан кейін асфальт төселіп отыр. Тұрғын алабымыз облыстан қалаға ауысқалы бері жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кіріскен еді. Міне, шаруа соңына жетіп, қуанышқа кенелтті”, – дейді тұрғындар.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінде жөндеуге жоспарланған 308 көшенің 145 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 163 көшені аяқтап пайдалануға беру 2022 жылдың тамыз айының соңына жоспарланған.

Сонымен қоса, Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Гулистан көшесінің 2-кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал ені 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал, 2 кезеңіндегі жалғасы КХ-41 автомобиль жолының атауы жоқ көшеге дейінгі аумақты алып жатыр. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын көшенің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 3-кезеңге сәйкес жұмыстар КХ-41 автомобиль жолынан атауы жоқ көшеге дейінгі аралықта жүргізілуде. Көшенің ұзындығы – 2 шақырым, ені - 5м.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады.