Шымкентте заңсыз тауар шығарған цехқа қатысты сот шешімі шықты

0
626

Құқық бұзушыға 58 340 теңге көлемінде айыппұл салынып, құны 16 933 870 теңге құрайтын айғақты заттарды тәркілеу туралы шешім қабылданды.


Шымкентте заңсыз тауар шығарған цехқа қатысты сот шешімі шықты

Шымкентте заңсыз жолмен қамыр қопсытқышы мен құрғақ сүт өнімдерін өндіріп келген жасырын цехқа қатысты сот шешімі шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл басынан бері заңсыз жолмен «Cykoyra S.A» және «Frima» сауда белгілерінің тауарлары Шымкент қаласында орналасқан қоймалардың бірінде өндіріліп келген. Контрафактілі өнімдер ауыр жүк көліктеріне тиеліп цехтан тікелей қаладағы сауда орындарына және еліміздің өзге де аймақтарына жіберіліп отырған. Мұны байқаған аталған тауар таңбаларының иелері Шымкент қаласының Әділет департаментіне жүгінген.
Әділет департаменті қызметкерлері арызданушылармен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, Абай аудандық полиция басқармасы «Cykorya S.A.» атауымен қамыр қопсытқышы (разрыхлитель теста) және «Frima» құрғақ сүт өнімдері қалада орналасқан қойманың бірінде заңсыз шығарып отырған тұлғаны анықтады.
Өз кезегінде Департамент қызметкерлері қозғаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс құжаттарын мамандандырылған сотқа жолдады. Соттың 11 тамыздағы қаулысымен құқық бұзушыға 58 340 теңге көлемінде айыппұл салынып, құны 16 933 870 теңге құрайтын айғақты заттарды тәркілеу туралы шешім қабылдады. Құқық бұзушы айыппұл төледі. Өнімдерді заңсыз шығарған тұлға құқық иелеріне келтірген зияны 2000 АЕК аспайтын болғандықтан, яғни қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке әкелетін заңсыз әрекеттер анықталғандықтан материал Әділет департаментіне келіп түсті. Контрафактілі өнімдердің түпнұсқадан айырмашылығы қораптарынан, жарамдылық мерзімі туралы белгілерден, тауарлар түсінен, салмағынан байқалады.
Соттың мәжбүрлеп орындату бойынша қаулысы сот орындаушыларға келіп түскеннен кейін айғақты заттар жойылатын болады.