Шымкентте жаңадан қойылған камералар көмегімен 9 қылмыс ашылды

0
480

Қалаға өткен жылы 3 153 камера, биыл 3 177 камера қойылды.


Шымкентте жаңадан қойылған камералар көмегімен 9 қылмыс ашылды

Шымкент қаласын тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз қала ету мақсатында жыл сайын көшелерге және көп қабатты тұрғын үйлерге қойылып жатқан бейнебақылау камераларының саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтың алдын алуға және қылмыстарды ізін суытпай ашуға көмек көрсетеді. Тәртіп, тазалық пен жол ережесін сақтау, қауіпсіздігіміз үшін камералардың маңызы орасан зор.

Қалаға өткен жылы 3 153 камера, биыл 3 177 камера қойылды. Оның ішінде 4 441-і қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, 1889-ы жол қауіпсіздігіне бағытталған. Олардың барлығы Полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы арқылы басқарылады. Жаңадан қойылған камералар қылмыс ашуда өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді.
Шымкент қаласының полиция департаментінің хабарлауынша, 15-21 қараша аралығында «102» арнасына 4628 қоңырау түскен. Сол аралықта бейнебақылау камераларының көмегімен ұрлық, бұзақылық, тонау секілді 9 қылмыс ашылған. Одан бөлек, нөлдік төзімділік қағидаты және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 1736 жайт анықталған. Оның ішінде 1166 жағдай жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.
Айта кетсек, Шымкентте биыл 10 айда 271 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы жол-көлік оқиғасының салдарынан 48 адам қаза тауып, 248 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілердің автокөлік жылдамдығын шамадан тыс асыруы. Осыған байланысты жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын 41 тар, апатты-қауіпті аймақтар анықталды. Тұрғындар сұранысымен бейнежазба камераларының ішінен жоғарыда аталған орындарға 40 км/сағат жылдамдықпен жүру жол белгілері орнатылды. Ал қалған жолдарда Жол жүрісі қағидаларына сәйкес 60 км/сағат жылдамдықпен жүру рұқсат етілген.