Атап айтқанда, «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорнымен Ақбай-Қарасу су жинақтаушы имаратында геотермальды сорғы жабдықтары орнатылды.
Әлем көз ілеспейтіндей жылдамдықпен дамып жатқаны баршамызға мәлім. 21 ғасыр техниканың дамыған заманы дейтініміз де бекер емес. Алайда, заман қанша дамығанымен әлі де шешілмеген жаһандық пробемалар жетерлік. Соның басым бөлігі адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін экологиялық мәселелерге келіп тіреледі. Ал, оның ішінде табиғи ресурстардың сарқылуы өзекті мәселелердің қатарында көш бастап тұр.
Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде аталған проблеманы шешу мақсатында «жасыл экономика» жобасы кеңінен қолданылып келеді. Аталған жоба экологияны басымдыққа ала отырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Яғни қуат көзінің шамадан тыс қолданылуының алдын алып, табиғи ресурстар тиісті деңгейде пайдаланылады. Өз кезегінде аталған жобаның экологиялық ахуалды жақсартуға тигізер пайдасы орасан зор.
Бұл бағыттағы жұмыстар біздің елімізде де қолға алынған. Бүгіне еліміздің жасыл экономикаға қадам басуы кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Атап айтатын болсақ, 2013-2020 жылдарға арналған бірінші кезеңде инфрақұрылым құру, 2020-2030 жылдарға бекітілген екінші кезеңде жаңартылған қуат технологиясын пайдалану шарасы қарастырылған. Сол сияқты 2030-2050 жылдарға бағытталған кезеңде өнеркәсіп төңкерісіне біртіндеп көшуді жүзеге асыру көзделген.
Осы тұста үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстарға көз жүгіртсек. Өзге өңірлер секілді Шымкент қаласында да жасыл экономикаға көшу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорнымен Ақбай-Қарасу су жинақтаушы имаратында геотермальды сорғы жабдықтары орнатылды. Аталмыш жобаның құны шамамен 230,0 миллион АҚШ долларын құрайды.
Нәтижесінде кәсіпорынның аталған нысанда электр қуатын пайдалану шығыны бес есеге төмендеді. Яғни 1 жылда 317 миллион теңге қаражат үнемделді.
Сонымен қатар, аталған су жинақтаушы имаратында сағатына 200 кВт электр қуатын өндіретін күн электр батареялары орнатылып, имарат жұмысына өндірілген электр қуаты пайдалануда.
Одан бөлек, кәріз тазалау имаратында сағатына 2 мың киловатт электр қуатын өндіретін кіші су электр стансасы орнатылды. Жобаның құны 2 миллион АҚШ доллары, ал өтелімділігі 5 жыл. Сондай-ақ, 2017 жылғы қараша айында аталған имаратта газ және электр энергиясын өндіру мақсатында сағатына 400 киловатт электр қуатын өндіретін Биогаз қондырғысы іске қосылды. Нәтижесінде электр қуатының тұтыну көлемі 88 пайызға төмендеп, шайынды суларды тазалау қуаты тәулігіне 100 мың м3 - 150 мың м3 дейін өсті. Сонымен қоса, бір жылда 67,3 миллион теңге қаражат үнемделді.
Бұдан бөлек, 2019-2020 жылдары Айкөл тұрғын алабында «Авелар солар технолоджи» ЖШҚ Ресей мемлекеті өндірушісі өз қаражаты есебінен 50 га жер аумағына қуаттылығы 20 МВт/сағ құрайтын күн сәулесі электр станциясы салынды. Құны 6,2 миллиард теңгені құрайтын жоба 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Бүгінгі таңда күн электр станциясымен өндірілген электр қуаты «КЕГОК» АҚ-ның қаржылық есеп айырысу орталығы (РФЦ) арқылы аталған мекеменің қосалқы станциясы арқылы қалаға берілуде.
Алдағы уақытта «Еуразия тобы» ЖШС-і тарапынан елімізге қажетті жаңа реттеуші қуаттылықты құру арқылы қаланың шет аймақтарға тәуелділігін жою және оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығы мәселелерін шешуге, оны өзінің электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қала аумағында орналасқан «3-Энергорталық» АҚ-ның алаңында қуаттылығы жылына 550 МВт құрайтын жаңа бу-газ электр станциясын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда технико-экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттасы әзірленді. Жалпы құны 467 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаны 2022-2026 жылдары іске асыру жоспарланған.
Аталған жоба іске асқан жағдайда, қалаға электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешімін табатын болады.
Одан бөлек, өз еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «Жасыл Қазақстан» жобасының «Үнемді Қазақстан» бағыты бойынша да бірқатар міндеттер жүктелген.
Атап айтсақ, «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 400-ден астам арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын төрт текше шақырымға азайту жоспарланған. Сондай-ақ, жоба шеңберінде суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.
«Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақарымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр», - делінген құжат мәтінінде.
Шымкент қаласында ұлттық жобаның бұл бағыты бойынша да бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Тарқатып айтар болсақ, Шымкент қаласы аумағында ұзындығы 313,1 шақырымды құрайтын 30-дан астам канал бар. 2021-2022 жылдары ауыл шаруашылық масатында пайдаланып отырған Көк, Чумчак, Шапырашты, Сай, Шымкент каналдарында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған. Аталған каналдардың қайта құрудан өткен бөлігінің жалпы ұзындығы 41,8 шақырымды құрайды. Осы арқылы, 2206 Га жер мен 4170 үй іргелік жерлер ағын сумен қамтылады.
Сондай-ақ, биылғы жылы жалпы ұзындығы 40,6 шақырымды құрайтын «БМК», «Сасық-1» каналдарының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аталған жобаның жалпы құны 2,1 миллиард теңгені құрайды.
Ал, «Чинат», «Улух», «Ханка», «Қызыл Сеңгір», «Янгибай» каналдары 2024 жылы күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде айналымға 1892 га қосылады және 3530 үй іргелік жерлерді ағын сумен қамту көрсеткіші жақсарады.
Бұдан бөлек, жыл сайын ағын суды тиімді пайдалану мақсатында «Шымкент қаласының өзен және канал арналарына механикалық тазалау бойынша сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы ұзындығы 131 шақырымды құрайтын 17 каналға мехникалық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.