Шымкентте жыл соңына дейін 240 орынға бейнебақылау камералары орнатылады

0
543

2025 жылға дейін 150-ге жуық көшені жарықтандыру жоспарланған.


Шымкентте жыл соңына дейін 240 орынға бейнебақылау камералары орнатылады

Шымкент қаласы Қаратау ауданында жыл соңына дейін аудан аумағындағы 240 орынға бейнебақылау камералары орнатылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала аумағында қауіпсіздікті сақтау мақсатында камералардан бөлек, көшелерді жарықтандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында бірінші кезекте орталық көшелер жарықтандырылған.

Ал, шағын аудандар мен тұрғын алаптарда мектеп, балабақша, емхана, аурухана немесе өзге де әлеуметтік нысандар орналасқан және тұрғындар көп жүретін көшелерге басымдық берілуде.

Қазіргі уақытта Құрсай елді мекенінің жаңақұрылыс аумағын сапалы электр қуатымен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Сондай-ақ, 2023 жылы Шымкент қаласы Тұран ауданы аумағындағы 22 көше жарықтандырылады.

Одан бөлек, Қаратау ауданы аумағындағы орталық 91 көше жарықтандырылған. 2022 жылы 30 көше мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жарықтандырылды. Ал, 2023 жылы аудан аумағындағы маңызға ие 21 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, 2025 жылға дейін аудан аумағындағы 150-ге жуық көшені жарықтандыру жоспарланған.

Айта кетейік, Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелеріндегі жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады. Шаһардағы асфальт жолдың жалпы ұзындығы – 2055,7 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы қалада көліктердің жол қозғалысын реттеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 420 шақырымға жуық жол таңбалары сызылды.