Шымкентте зиялы қауым өкілдері Президент жолдауын талқылады

0
541

Жиынға қатысушылар өз ойымен бөлісіп, Жолдауда айтылған әр бағытты кеңінен тарқатты.


Шымкентте зиялы қауым өкілдері Президент жолдауын талқылады

Шымкент қаласының Әл-Фараби кітапханасында зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын сөз етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға қатысушылар өз ойымен бөлісіп, Жолдауда айтылған әр бағытты кеңінен тарқатты.

«Аманат» партиясының Қаратау ауданы филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлының айтуынша, бұл жолғы Жолдауда халықтың әлеуметтік мәселесі мен балалардың болашағын инвестициялаудың тың әдістері ұсынылды. Сонымен бірге алдағы кезектен тыс сайлаудың маңыздылығына тоқталды.

Маусым айында жалпыхалықтық референдумда заңға өзгеріс енгізу үшін дауыс бердік. Көп ұзамай ең алғашқы өзгеріс Президент Жолдауында көрініс тапты. Мемлекет басшысы жер мен оның қойнауындағы байлық халыққа тиесілі екенін атап өтті. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық түсімінің 50 пайызы балалардың жеке шотына аударылып отыратын болды. Болашақта осы қаржыны 18-ге толған әрбір жас сапалы білім мен баспана алуға жұмсайды. Бұл өркениетке бет алған ел үшін өте дұрыс шешім. Әлемдік тәжірибеде 5 жыл жұмыс істеген компанияға ел сеніммен қарайды екен. Ал, мемлекеттік басқаруда Ұлттық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға 7 жыл қажет екенін сарапшылар айтуда. Елімізде Президент тек 1 рет 7 жылға сайлануы да халықтың әл-ауқатын көтеріп, экономиканы дамытуға жеткілікті деп ойлаймын, - деді Ә.Рахманұлы.

Ал, Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова дамудың әр саласын бүге-шегесіне дейін қамтыған салмақты Жолдау болғанын жеткізді.

Әділетті мемлекет дегенде тек құжат жүзінде орындалатын істер болатын. Қазір күннен-күнге орын алып жатқан өзгерістер мен жағымды жаңалықтардың куәсі болғаннан кейін шын мәнінде жаңа мемлекет қалыптасып жатқанына өте қуаныштымыз, - деді ол.

«Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газетерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан биылдың өзінде көптеген игі істер іске асырылып, халыққа қолайлы орта қалыптасқанын айтты.

"Әлемде жер көлемі жағына 9 орында тұрған елімізде мал шаруашылығы ақсап тұрғаны жасырын емес. Етті Бразилиядан импорттаудың өзі осыған дәлел. Биыл Президенттің тапсырмасына сәйкес игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Осы жылдың соңына дейін 5 млн. жерді қайтару жоспарланып отыр. Келесі жылдың соңына дейін Мемлекет басшысы тағы 10 млн. гектар игерілмей немесе заңсыз берілген жерді мемлекетке қайтаруды тапсырды. Осы қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері мал өсіріп отырған шаруаларға берілсе, біздің елде ет пен сүт өнімдерінің импорты тоқтар еді", - дейді Б.Тайжан.

Ал, журналист Зәуре Оралбаева айтуынша, әділетті қоғам құру үшін еңбек адамының істері еленуі керек.

Президент Қ.Тоқаев әр сөзінде әділетті қоғамда еңбек адамы бірінші кезекте екенін айтады.Әрбір сала нағыз білікті мамандардың арқасында дамиды. Олай болса әділетті мемлекетті құруда бірінші кезекте еңбек адамы бағалануы керек. Әр адам өзінің жұмысына аса жауапкершілікпенқараса кез келген сала жүйеленеді, дамиды. Сондықтан елдің дамуы бір ғана мемлекетке емес, әрбір азаматқа, яғни еңбек адамына байланысты, - дейді З.Оралбаева.

Айта кетейік, Шымкентте зиялы қауым өкілдерінің бас қосуымен түрлі саладағы тақырыптар қамтылып, іс-шараларға арқау болуда. Бұл жолы қаланың зиялы қауымы Президенттің Жолдауындағы іске асуы тиіс бағыттарды саралады.