Шымкентте «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр

0
755

Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.


Шымкентте «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтіп жатыр

Шымкент қаласында 25 қараша әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні аясында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Зорлық-зомбылықты жою, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасы рөлін нығайту мақсатында 25 қараша мен 10 желтоқсан күндері аралығында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Акция аясында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мамандары қала тұрғындары мен құқық қорғау қызметкерлері арасында профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, орталық мамандары тұрмыстық зорлық - зомбылыққа ұшыраған немесе куә болған жағдайда 45-03-03 сенім және 8-775-450-54-33 ыстық желі нөмірлеріне хабарласуға болатындығы туралы арнайы (750 дана) ақпараттық парақшалар таратты.
Аталған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға тұрмыстық, психологиялық, құқықтық, медициналық, мәдени, педагогикалық, еңбек және экономикалық бағытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Қазіргі уақытта орталықта қызмет алушылар саны – 30, оның ішінде 6-ы аналар болса, 24-і балалар.