Қазіргі таңда 171 азамат уақытша жатып, көмек алуда.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Шымкент қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына жүгінушілер саны артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты орталықта қосымша төсек-орындар дайындалып, өтініш білдірген азаматтар кедергісіз қабылдануда. Мекеме кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты мекенжайы және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ және шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу» орталығында 171 азамат уақытша жатып, көмек алуда. Бұл өткен жылдың осы мерзімінен салыстырғанда 20-25 адамға көбейгенін көрсетеді. Олардың ішінде 26 азамат мүгедектігі бар түрлі топтағы жан болса, 7 азамат бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметі есебінде тұратындар.
Айта кетейік, қаламызда «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» 2000 жылы ашылған. Мекеме өкілдері қызмет алушыларға азаматтың жеке басын анықтайтын құжаттарды рәсімдеу, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау бойынша көмек көрсетеді.