Шымкенттегі «Іскер қала» өңірлік бағдарламасын бүкіл республикаға үлгі ету керек - Премьер-министр

0
778

Ол Шымкент қаласындағы «Іскер қала» өңірлік бағдарламасындағы қолдау тетіктері кәсіпкерлер үшін тиімді екенін айтты.


Шымкенттегі «Іскер қала» өңірлік бағдарламасын бүкіл республикаға үлгі ету керек - Премьер-министр
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласына жұмыс сапарының аясында «Стандарт» жекеменшік индустриялды аймағында орналасқан «Standard Steel KZ» компаниясының қалдықтарды қайта өңдеу арқылы түсті металдар консентратын өндіруге бағытталған кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Премьер-министрге жобаның «Саутс Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқанын айтты. Аталған жобаның жалпы құны 13,3 миллиард теңгені құрайды. Қала әкімі өндірістің алғашқы кезеңі өткен жылы іске қосылғанын мәлімдеді.
Сонымен қоса, «Стандарт» жекеменшік индустриялды аймағының жұмысы және «Іскер қала» бағдарламасының орындалуы туралы айтты.
Айта кетейік, бұл индустриялды аймақта жеке инвестордың есебінен инженерлік-инфрақұрылым жүргізіліп, өндірістік ғимараттар салынады. Өз кезінде шағын кәсіпорын орнын ашқысы келетін кәсіпкерлер осы аймақтан дайын ғимаратты жалға алады. Ал, «Іскер қала» бағдарламасы арқылы жалға алу құнының бір бөлігі субсидияланады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге 50 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер ұсынылады.
Бүгінде мемлекет өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударып отыр. Бұл бағытта бірнеше ұлттық жобалар қабылданып, бүгінде нәтижелі орындалуда. Ал, Шымкент қаласындағы «Іскер қала» өңірлік бағдарламасындағы қолдау тетіктері кәсіпкерлер үшін тиімді. Ұлттық экономика министрлігі бұл тәжірибені зерттеп, бүкіл республикаға тарату мүмкіндігін қарастыруы тиіс, — деді Премьер-министр.
Айта кетейік, «Standard Stell KZ» компаниясы тиісті зауыттың бірінші кезеңіне 2.8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл кезеңде жылына 4 608 тонна мыс-күміс консентратын шығаратын өндіріс іске қосылған. Екінші кезеңнің инвестициялық құны 10.5 миллиард теңгені құрайды. Ол іске қосылғанда зауытта жылына 20 900 тонна мырыш оксиді өндірілетін болады.