​Шымкенттегі көрмеге 5 миллион теңге тұратын құс қойылды

0
3 798

Құстың бұл түрін өсіру арқылы миллион теңге табыс табуға болатын көрінеді.


​Шымкенттегі көрмеге 5 миллион теңге тұратын құс қойылды

Шымкент қаласында көгершін баптаушылардың көрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биыл 30-шы рет ұйымдастырылып отырған көрмеге келушілердің қарасы көп. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден, соның ішінде, Америка, Германия, Өзбекстан, Ресей елдерінен жалпы саны 150-ден аса адам қатысып, 500-ге тарта көгершіндер әкелінген.

Шымшаһарда өткен көрмеден қала тұрғындары мен қонақтар кептерлерді тамашалап қана қоймай, ұнағанын сатып алуына да болады. Бағасы 5 мың теңгеден басталады. Көгершіндердің тұмсығы мен тырнағына, тұрқы мен жасына ерекше мән беріледі. Құстың дене пішімі барлық стандартқа сай болған жағдайда 5 000 000 теңгеге дейін бағаланады екен.

суретте: көрмеге қатысушылардың бірі

Көрмені ұйымдастырып отырған «Гүлсар» әуесқойлар клубының төрағасы Бақыт Бартекеев 5 миллион теңге тұратын құстың бүгін әлі әкелінбегенін, бірақ жұрт назарына ұсынылып жүргендігін айтты.

«Қазіргі уақытта 80 құс баптап отырмын, бүгінгі көрмеге 20 көгершін алып келдім. Бұл менің қосымша табыс көзім және сүйікті ісім десем де болады. Құстарым арқылы тапқан ең көп табысым 600 мың теңге болды. Егер бар уақытыңды арнап кіріссеңіз, негізгі табысыңыздан бөлек 1 000 000 тг көлемінде қаржы табуға болады. Көгершіндерді баптау оңай шару емес, оған балаңа қарағандай қарауың керек», - дейді көрмеге қатысып отырған Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны мұғалім Есбол Пернебай.

Шымкент қаласы құсшылар қауымының президенті әрі «Гүлсар» әуесқойлар клубының төрағасы Бақыт Бартекеевтің айтуынша, көрменің ұйымдастырылу мақсаты - Шымкент қаласындағы әдемі кептерлерді әлемге таныту. Сонымен бірге Қазақстан құстар клубтарын біріктіру.

«Елімізденебір иттер де, сұлу жылқылар да бар. Әсем көгершіндеріміз де болуы керек. Көгершін - бұл бейбітшіліктің, сәттілік пен ырыс-берекенің символы», - деп қоса айтты ол.

Ақпарат үшін келтіре кетсек, дүниежүзінде көгершіндердің шамамен 800-ден астам түрі бар. Ал біздің елімізде мұндай әсем құстардың 100-ден астам түрі кездеседі. Көгершіндердің өмір сүру ұзақтығы 15 жыл. Аспанда ұшып жүріп өнер көрсететін түрлері көпшіліктің назарын өздеріне көп аударады. Көгершін – кептердің қолға үйретілген түрі. Сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен ұшуға қабілетті. Бір кептер 10 балапанға дейін басып шығарады.