Шымкенттегі шеру: Арыстықтар билікке талап қойып, көшені жапты

0
1 572

Шымкентте 300-ге жуық арыстықтар көшеге шығып өз наразылықтарын білдірді.


Шымкенттегі шеру: Арыстықтар  билікке талап қойып, көшені жапты

Шымкентте Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер қаланың негізгі көшелерінің біріндегі қозғалысты жауып, билікке наразылықтарын жеткізу үшін шеру ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі "Ақ мешіт" мешітінен басталған шеруде арыстықтар өздерімен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімін тілдесуге шақырып, өздерінің жарылыс болған Арыс қаласына қайтпайтындықтарын жеткізді.

Темірлан тасжолындағы көлік қозғалысын жауып тастап, біршама ыңғайсыздықтар туғызды. Мешітке халықпен тілдесу үшін бірінші болып жеткен Ғабидолла Әбдірахымов көпті сабырға шақырып, қайырымды жандардың қандай жұмыстар атқарып жатқанын айтып өтті. Дегенмен, жиналған көпшіліктің басым бөлігі Шымкент пен Түркістаннан баспана беруін талап етіп, қала әкімінің басуына тоқтай қоймады.

Түркістаннан жеткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевті халық мешітке кіргізбей, анталай қоршап, талаптарын жарыса айтып жатты.

Содан кейін де тыншымаған арыстықтар мешіттен шығып, автокөлік жолын жапқан күйі жаяулатып алдымен "Нұр Отан" партиясының Шымкенттегі қалалық филиалы ғимаратының алдына келді. Ол жерде де көп аялдамай, "Шымкент плаза" сауда үйінің алдында орналасқан алаңшаға келіп тоқтады.

Арыстықтардың талабының бірі баспана болса, ал кейбірі экология мәселесін айтып, ертеңгі күндеріне алаңдаушылық білдіріп жатты.

Жиналған топқа ақсақалдар мен апа-әжелеріміз шығып халыққа басу айтып, ашуға берілмеуді сұрады.

Сондай-ақ, елімізге белгілі имамдар Әбдіғаппар Сманов пен Арман Қуанышбаевтар арыстықтармен жүздесіп, халықты сабырға шақырып,теріс әрекеттерге бармауларын сұрады. Сабырға келген халықтың тең жартысы өз үйлеріне қайтты.

Еске сала кетейік, Шымкентте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласының тұрғындарымен кездесу барысында Үкімет тарапынан қаржы бөлінетіндігін айтып, алаңдамауға шақырған болатын.