Екі бірдей колледж студенттеріне жолақысына төленбеген екі жарым миллион теңге қайтарылып берілген.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкенттегі орта арнаулы білім беру мекемелеріндегі былықтарды Шымкент қалалық прокуратурасы әшкереледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, Шымкенттегі "Мирас" және "Музыкалық колледж" КММ-нің 586 студентіне тиесілі жолақ қаржысы қайтарылған. №4-ші колледжде мемлекеттік сатып алу заңнамасы 39 млн теңгеге бұзылғаны белгілі болған. Нәтижесінде колледж директоры ҚР ӘҚБтК-нің 207-бабының 3-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 240 500теңге айыппұл төлеген.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде колледж мұғалімдері жалған дипломмен жұмыс істеп келгендігі анықталып отыр. Мысалы, «Индустриалды-техникалық» Колледжінде өндірістік оқыту шебері 2013 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-тін аяқтағаны туралы жалған дипломмен жұмыс істеп келген.
Дәл осындай 7 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Шымкент қаласының прокуратурасы білім бағдарламаларының орындалуын және 6 орта-арнаулы білім мекемелеріндегі мемлекеттік тапсырысқа бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалап тексеру жүргізген.
Прокурорлар студенттердің мүліктік құқықтарын бұзу, білім туралы заңнама, санитарлық нормалар және тағы басқа бірқатар заңбұзушылықтар анықтады. "Тексеру нәтижесінде, 11 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 1,5 мың оқушыға (996 кәмелет жасына толмағандар, 3 жетім балдар) 7,3 млн. теңге қаржы өтеліп, 35 тұлға тәртіптік және 6 тұлға 360 мың теңге мөлшерде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Шымкент қаласының прокуратурасы.