​Шымкенттік шенеуніктер мерекелік сыйлықтарды мемлекет қорына тапсырды

0
1 195

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы Заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады.


​Шымкенттік шенеуніктер мерекелік сыйлықтарды мемлекет қорына тапсырды

Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары А.Шілманов, қалалық мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы А.Қарабалаев, қалалық әкім аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі М.Акишев баспасөз-конференциясында хабардар етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады. Өзiне сыйлықтар келiп түскен мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға құқылы. Бұл туралы қала әкімдігімен, Мүлік және жекешелендіру департаментімен бірлесе бірқатар түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», - деп атап өтті А.Шілманов.

Сондай-ақ Департамент басшысының орынбасары Айбек Ақбергенұлы сыйлықтарды өз еркімен өткізбеген жағдайда айыппұл салынатындығын, бірақ бүгінгі таңда жүргізілген түсіндірме жұмыстар өз нәтижесін бергендігін атап өтті.

Оған дәлел жаңа жыл мерекесі қарсаңында аумақтық және жергілікті атқарушы органдарының қызметшілеріне сыйлықтарды Шымкент қаласының мүлік және жекешелендіру департаментіндегі арнаулы мемлекеттік қорға жаппай өткізуінде.

Бүгінгі күнге Қорға мемлекеттік қызметшілермен өз еркімен 50-ден астам сыйлықты тапсырды.

Сонымен қатар, баспасөз-конференция барысында Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуы алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, яғни, 1,5 млн. теңгеге жуық айыппұл салуға, сондай-ақ, Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi екі жүз АЕК(481 000 теңге)мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатындығы ескертілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының тұрғыны ауданаралық экономикалық соттың қызметкеріне екі мың теңге бермек болған. Бұл жайт Шымкент қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қатысуымен қаралып, азамат кінәлі деп танылып екі жүз АЕК 481 000 (төрт жүз сексен бір мың) теңге мөлшерiнде айыппұл салынған.