Шымкенттік қызметкерлер басқа қалаларға барып тәжірибе алмасады.
Шымкент - ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және Астана Мемлекеттік қызмет Хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Әлихан Бәйменовтың айтуы бойынша Шымкент қаласында пилоттық режимде кадрлық іріктеудің жаңа режимі енгізу қолға алынады. Мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту мақсатында шымкенттік қызметкерлер басқа қалаларға барып тәжірибе алмасады немесе халықаралық сарапшылар Шымқалаға келіп семинарлар өткізеді.
«Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие болды. Астана Мемлекеттік қызмет Хабы бүкіл елімізде болып жатқан бүкіл қызмет саласындағы реформаларды әлемге жариялап жүр. Біз бірге жұмыс жасаймыз деген ниетте меморандумға қол қойдық. Шымкент қаласында 700-ден көп мемлекеттік қызметкер, 15 000-нан астам мұғалімдер, 2000-нан астам полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Біз мемлекеттік басқару саласын жетілдіріп, халыққа жақын болуымыз керек. Өйткені біз мемлекеттік мекемелерді халықтың ақшасына қаржыландырамыз. Енді бұл жұмыстар алға басады деп сенемін» - деді Ғ. Әбдірахымов.
Астана Мемлекеттік қызмет Хабы 2013 жылы мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз тәжірибе мен білім алмасудың институционалды негізі ретінде 25 ел және 5 халықаралық ұйымның қатысуымен құрылған. Қазіргі таңда Хабқа ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия мен ASEAN елдерін қоса алғанда 39 ел қатысады.