Шымкенттік тұрғын қабылдай алмайтынын айтқан ХҚКО қызметкерінің жағынан ұрған

0
926

Қол жұмсаған ер адамның өзімен бірге жеке куәлігі болмаған.


Шымкенттік тұрғын қабылдай алмайтынын айтқан ХҚКО қызметкерінің жағынан ұрған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте егде жастағы ер адам ХҚКО-ның қызметкеріне көпшіліктің көз алдында ұрған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған оқиға 22 тамыз күні сағат 12-лер шамасында болған. ХҚКО операторы ер адамның жеке куәлігінің өзімен бірге жоқ болғандықтан құжаттарын қабылдаудан бас тартқан. Ал, қолында тек құжатының көшірмесі ғана болған ер адам ашуға булығып, оператор жігіттің жағынан ұрған көрінеді.

«Ер адам ХҚКО-ға танысымен бірге келіп, соның құжатымен талон алып, жылжымайтын мүлікке құқықтарды рәсімдеу үшін құжат өткізбек болған. ХҚКО қызметкері жеке куәліктің көшірмесімен құжат қабылдай алмайтындығын айтқанымен ер адам келіспей, ашуланып талап ете бастаған», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ Шымкент филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.

Сондай-ақ, оқиға орнына мекеме қызметкерлері тәртіп сақшыларын шақырып, таяқ жеген оператор ер адамның үстінен арызданған. Ал, ашуға бой алдырып қызметкерге қол көтерген егде адам қан қысымының көтеріліп кеткендігін айтып, жедел жәрдем қызметін шақырған және дәрігерлер егде адамды ауруханаға алып кеткен.

Бұл оқиғаға байланысты Шымкент қалалық полиция департаменті үкім шығарды.

«Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөліміне аталған бойынша шағым түскен. Оқиға орнына келген полицейлер қол көтерген адамның барлық жеке мәліметтерін жазып алған. ХҚКО ның қызметкері де арызын жазған. Айыпталушы емдеу мекемесінен шыққан соң түсініктеме алынып, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады», - делінген хабарламада.