​Шымкенттік жас ана балалар тағамынан сынап тауып алды

0
2 266

Сынап екі айлық сәбидің жөргегінен және ішектерінен табылған.


​Шымкенттік жас ана балалар тағамынан сынап тауып алды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жиырма екі жастағы жас ана балалар тағамы қоспасынан сынап шарларын тауып алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жас сәбиі жас келіншек мұны да бірден байқай қоймаған көрінеді.Маржан Сманованың екі айлық сәбиі бір аптадай уақыт бұрын толық жасанды тамақтандыруға көшірілген екен.Қарашаның 29-на кешкі мезгілде екі айлық нәресте мен анасы Шымкенттегі №1 қалалық балалар ауруханасына түскен.

Баланың үйінде бірнеше рет құсуы, мазасыздануы, сүттен бас тартуы негізгі шағымдары болған. Қабылдау бөлімінде баланы педиатр көріп, реаниматолог және хирург қараған соң интенсивті бөліміне жатқызылған.

«Келген кезінде өкпе қуысын ретгенге түсірдік. Сол кезде асқазанның бір бөлігі де рентгенге түскен. Түсірілім қағазынан бөгде затты байқадық. Бірақ бір ол кезде біз оны артефактке бағаладық. Ертесіне анасы баланың дәретінен бөгде затты байқағанын айтты. Дереу токсиколог маман шақыртып, консилиум өткіздік. Токсикологтың кеңесімен тағы да рентгенге түсірдік. Токсикологтың айтуы бойынша, сынаптың бала өміріне ешқандай қаупі жоқ. Бөгде зат ретінде асқазанына түсіп дәретімен шығады деген. Қазіргі жағдайы қалыпты. Дене қызуы жоқ. Жағдайы жақсы. Құсу байқалып жатқан жоқ. Қан талдауларын бақыладық. Үйіне шығуға дайындалып жатыр.

Ол қоспа анасы үйінен алып келген қоспа. Бізде ауруханадағы қоспаларды беріп жатыр. Қарап шықтық. Бөгде заттар жоқ. Қоспаның әсерінен немесе сынаптан баланың жағдайы әлсіреген деп кесіп айта алмаймыз. Емізіктің тесігінен сынаптың бөлшектерінің өтуі өте күмәнді болып тұр. Баланың диагнозы - ішектің функционалды бұзылысы", - дейді №1 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Гүлжанат Наурызова.

Шымкенттік жас ана тұңғышы, екі айлық Шәкәріммен бір ай бұрын осы ауруханада өкпесі суықтап,пневмония диагнозымен емделіп шыққанын айтады. Үйінде құса берген соң, дәрігерлерге қайта хабарласқан.

"Баламның жөргегін ауыстырғалы жатқанымда үлкен дәретінен сынаптың бөлшектерін байқап қалдым. Көөөөп мөлшерде домалақ домалақ боп шықты. Бірден дәрігерлерді шақырдым. Бас дәрігер, бөлім меңгеруші барлығы жүгіріп келіп қарап шықты балаға. Рентгенге түсіргенде асқазаны таза боп шықты. Тек ішектерінде ғана сынаптар тұрып қалған. Дәрігерлер бірден үйде сынап берген жоқсыздар ма деп сұрады. Біз керісінше, дәрігерлерден бе деп ойладық. Сөйтіп жүргенде күйеуім жаңа сатып алған сүт қоспасының қорабынан сынаптың бөлшектерін тауып алғанын айтып хабарласты. Майда-майда шарик боп тұрып сынаптар бірігіп сырғып жүрген кәдімгі сынап боп шыққан. Одан кейін мүлдем ол қоспаны бермей қойдық. Күйеуім тағы да тексеріп барып тағы бір қорабын сатып алған. Бірақ жаңа қорапта сынап шықпаған. Үйде екі айлық баланың аузына сынап салатын ешкім жоқ. Бір жасар қайынағамның баласы бар, бір ғана үйде градусник, дене қызуын өлшейтін құрылғы бар. Оның өзі сынбаған. Баламды қарап шыққан токсиколог бір емес, екі-үш градусниктің сынабы шыққанын айтты ғой баланың асқазанынан", - дейді жас ана Маржан Сманова.

Маржанның сөзіне қарағанда балалар қоспасын Шымкенттегі Нұрсәт шағынауданындағы дәріханалардың бірінен сатып алған көрінеді.