Шымкенттік жігіт түрмедегі ағасына есірткіні майонез құтысына салып жолдаған

0
1 001

Оны қаладағы пошта бөлімшелерінің бірі арқылы хат-хабар түрінде рәсімдеп, түрмеге жөнелткен.


Шымкенттік жігіт түрмедегі ағасына есірткіні майонез құтысына салып жолдаған

Шымкент қаласында есірткі заттарын пошта арқылы жолдаған азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қалалық полиция департаментінің дерегінше, ол кептірілген «марихуана» есірткі заты жасырынған пластмасса шелектерді Шымкент қаласындағы пошта бөлімшелерінің біріне әкеліп, хат-хабар түрінде рәсімдеп, тапсырысты екі рет пошта арқылы Тараз қаласындағы ағасы отырған түзеу мекемесіне жолдаған.

Дегенмен, бұл есірткі заты дер кезінде түзеу мекемесінің қызметкерлерімен анықталып, тәркіленді.

Шымкент қаласы Абай аудандық соты есірткі тасымалдаған азаматқа қатысты үкім кесті. 30 жастағы ер адам есірткі затын өткізумен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды.
"Шымкент қаласы Абай аудандық соты жергілікті тұрғынды ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінде (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 (бес) жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы үкім шығарды", - делінген баспасөз хабарламасында.