«Текті сөздің төресі – терме»: Шымкентте шығармашылық кездесу өтті

0
800

Кездесуде болған термешілер алдымен терменің шығу тарихын баяндап, халық арасында кеңінен танылып жүрген термелерден сыр шертті.


«Текті сөздің төресі – терме»: Шымкентте шығармашылық кездесу өтті

Бүгін Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» тақырыбында жыршы-термешілердің қатысуымен шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған кездесудің мақсаты – атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді алқалы әлеуметке боямасыз ұсыну және дәстүрлі өнерді жастар арасында кеңінен дәріптеу.
Іс-шараға ҚР мәдениет үздігі, республикалық конкурс лауреаты, Шымкент саз колледжі ән салу бөлім меңгерушісі, дәстүрлі әнші, термеші - Жақып Сынабайұлы, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының ұстазы, термеші - Құнанбай Егенбердіұлы, саз колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы, әнші, термеші - Ербол Байзақұлы мен қала жастары қатысты.
Кездесуде болған термешілер алдымен терменің шығу тарихын баяндап, халық арасында кеңінен танылып жүрген термелерден сыр шертті.
-Терме – ата-бабамыздан бізге аманат болып жеткен, дәстүрлі өнер түрі. Халықтың мұң-мұқтажы, іште бүккен сырларын баяндайтын сондай бір керемет лирикалық өнер. Термені ары қарай халық арасында дәріптеу біз бен сізге аманат, - деді термеші Жақып Сынабайұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде балалар мен студент жастардың, педагогтар мен ата-аналардың қатысуымен домбыра тарту челленджі ұйымдастырылды. Шығармашылық топ Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындады. Ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткен күй челенджіне қаладағы 2 мыңнан аса білім мекемесінен 21 мыңнан аса оқушы, студент, ұстаздар қатысты. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында, бір уақытта күмбірлеген домбыра үні ұлтымызды ұлықтап, мерекелік ләззат сыйлады. Сондай-ақ, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде, Арбат алаңы мен Абай саябағында «Ордабасы – бірліктің туы», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты тарихи мультфильмдермен қатар «Ұлы дала таңы», «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» көркем фильмдері ұсынылды. Тарихи-мәдени кешенге келген қонақтар елімізге белгілі дизайнерлердің жеке топтамаларынан этно стильді дефиле көрсетілімін тамашалады. Сондай-ақ, іс шара барысында тарих тереңінен сыр шертетін «Шығыс базары», «Ұлттық қолөнер - ұрпаққа аманат», «Көне қала сыр шертеді» атты көрмелер мен көріністер ұйымдастырылды.