Республикалық сайысқа қаламыздан барлығы 10-нан аса спортшы қатысып, бақ сынады.
Шымкент қаласы бойынша 5 дүниежүзілік көшпенділер ойындарына «Толағай» алыптар сайысы бойынша іріктеу кезеңі өтті. Аталған шараны Шымкент қаласы әкімдігінің және қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Республикалық сайысқа қаламыздан барлығы 10-нан аса спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың ішінде әр түрлі спорт түрінен спорт шеберлері сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту бойынша Шымкент қаласында көптеген спорттық іс-шара өткізілуде. Соның бірі алғаш рет ұйымдастырылып отырған Толағай алыптар сайысы.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, 1 минут ішінде қашықтыққа салмағы 100 келі табиғи тасты көтеріп жүру, 100 келі қапты көтеру, салмағы 200 келі арбаны сүйреу, найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті.
Жарыстың басты мақсаты - 5 дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу өткізіп, еліміздің көк туын желбіретер Толағай батырды анықтау.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынға Бағдат Маматқұл ие болды. 2-орынды
Бағлан Мырзатаев қанжығалады.
Нимаджан Халметов пен Сәулет Абдусаликов үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.