Түркия еліне көмек көрсеткен шымкенттік оқушыға Премьер-министр алғыс білдірді

0
701

Павел Падровқа планшет сыйға тартылды.


Түркия еліне көмек көрсеткен шымкенттік оқушыға Премьер-министр алғыс білдірді

Бауырлас Түркия еліне көмек көрсеткен шымкенттік оқушыға Премьер-министр алғыс білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының 13 жасар тұрғыны Павел Падров Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетті. Ол күнделікті мектепте түскі асқа жұмсайтын қаражатына азық-түлік сатып алып, гуманитарлық көмек жиналатын қоймаға жеткізген.
Павел 5 сыныпта оқиды, көпбалалы отбасында туған.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Марат Әйтенов Павелмен және оның анасы Кристина Падровамен кездесіп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атынан алғыс хат табыс етті.
«Түркиядағы жер сілкінісінің қайғылы салдары бірде-бір қазақстандықты бейжай қалдырмады. Осындай қиын сәтте қазақстандықтар түрік халқына шын жүректен көмек көрсетті. Сіздің ұлыңыздың бұл әрекеті шынында үлгі тұтарлық игі іс. Павел осы жас шағынан бастап жанашырлық пен қолдаудың не екенін біліп өсуде. Ұлыңыздың бойына мейірімділік, жауапкершілік, парызды сезіне білу сияқты құнды қасиеттерді сіңіргеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Сіз Павелді Қазақстан Республикасының нағыз патриоты ретінде тәрбиелеп отырсыз», – делінген Премьер-Министрдің хатында.
Айта кетейік, Павел Падровқа планшет сыйға тартылды.