Үкімет мәжілісінде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

0
841

Қала әкімі жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы мен өзекті мәселелерді баяндады.


Үкімет мәжілісінде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар министрлердің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үкімет басшысы жуырда мегаполиске жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Әлихан Асханұлы республикалық маңызы бар қаланы дамытуға ықпал ететін 19 тапсырманың орындалуы бойынша ведомство басшыларының, қала әкімінің есептерін тыңдады.
Бүгінде тапсырмаларды мерзімінде орындау мақсатында орталық және басқа да уәкілетті органдармен тиісті жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде, республикалық бюджетті нақтылау барысында министрліктерге сұраныс енгізілді.
Жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы мен өзекті мәселелерді баяндаған Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполис үшін маңызды «Тұран» шағын ауданындағы Оқушылар сарайы құрылысына қалаға қаралған лимит шегінде қаржы қарастыру және «Қайнарбұлақ» шағын ауданын табиғи газбен қамтуға қаралған қаражат бойынша сұраныстарын жеткізді. Бұл Мемлекет басшысының және Премьер-министр тапсырмаларын мерзімінде орындауға және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Премьер-министр нақтылаған 5 тапсырма орындалып, қалған міндеттемелерді жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкентке жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жоспарланған бағдарламадан бөлек, бірінші кезекте қалалық әуежайдың жай-күйімен танысып, жаңа терминал құрылысын жеделдетуді тапсырған болатын.
Әлихан Смайылов Шымкент Шығыс пен Батыс арасындағы көлік қозғалысының түйіскен жерінде орналасқан еліміздегі үшінші ірі мегаполис екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде тікелей және транзиттік рейстерді орындауға ыңғайлы жағдай жасайды.
Шымкент қаласының әкімі Марат Әйтенов бүгінгі таңда жоба 80%-дан астамға аяқталғанын, құрылыс 40 мың шаршы метр алып жатқанын айтты. Терминал 2023 жылдың соңында толығымен пайдалануға беріледі. Қала басшысының айтуынша, бұл республикадағы ең ірі терминалдардың бірі болмақ.