«Ұлы дала қайырымдылығы»: Шымкентте сарбаздарға «САРҚЫТ» үлестірілді

0
3 958

Қайырымдылық Шымкент қаласында басталды.


«Ұлы дала қайырымдылығы»: Шымкентте сарбаздарға «САРҚЫТ» үлестірілді

Шымкент қаласында Ұлы дала дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық жобасы бастау алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі «Қайырымдылық керуені» акциясы биыл қазақ халқының мейірімділікке, бауырмалдылыққа шақыратын ізгі дәстүрлері негізінде бастау алып отыр.

Осыған орай бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің сарбаздарымен кездесті. Іс-шара аясында әскерге жаңа қабылданған сарбаздарға ақ жаулықты аналар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері мерекелік сарқыт таратты.

Шара барысында: «Сарқытты қазақ халқы үлкен кісілердің жолын берсін, абыройын берсін деген ырыммен жастарға жегізген. Осыны ескерген ассамблея мүшелері Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға елден сәлемде ретінде бауырсақ, құрт, ірімшік, жент-талқан сынды ұлттық тағамдарымызды үлестірдік. Ынтымағы ырысты, бірлігі бекем елімізді қорғауда табандылық пен ерік-жігер тіледік», - деді қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы Гаухар Төлепова.

Сондай-ақ, игі шарада қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов және бірқатар этномәдени бірлестік төрағалары сөз сөйлеп, қайырымдылық жасаудың маңызына тоқталды. Осындай ыстық ықыласқа риза болған сарбаздар одан әрі «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі жанындағы «Көркем» әжелер тобы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

«Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен жыл аяғына дейін жалғасатын қайырымдылық іс-шаралар, ай сайын арнайы атаумен өтетін болады. Мәселен, қаңтар айында «Сарқыт» атауымен өтсе, әрі қарай «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» атауларымен ұласады.
Игі бастама аясында қартарға, жетімдерге, науқас азаматтарға жалпы көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөлініп, материалдық көмек көрсетіледі. Оған ассамблея жанындағы құрылымдар, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, этномәдени бірлестіктер және өңірдегі меценаттар атсалысатын болады.



Айта кетейік, Елбасының бастамасымен өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын қолға алғанын жазған болатынбыз. Қазақ халқының дәстүріне негізделген қайырымдылық акциясы осы жобаны ілгерілтуге де үлес қоспақ.

Дереккөз: Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы