Қала прокуроры жергілікті атқарушы және құқық қорғау орандарына тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Шымкент қаласында 1983 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Шымкент қалалық прокуратурасында өткен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында айтылды деп хабарлайды ERNUR.KZ. тілшісі.
Кеңес басқосуында кәмелет жасына толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты құқық бұзушылықтардың алдын-алу, ұрлық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның сақталу мәселелері қаралды. Үйлестіру Кеңесінің мүшелері кәмелетке толмаған жасөспірімдердің істері туралы құрылған мобильді топтың жұмысына оң деп баға берді. Аталған мобильді топ 144 алдын алу жұмыстарын жүргізген.
Аталған іс-шаралар нәтижесі айтарлықтай. Мәселен, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 344 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Түнгі уақытта заңды өкілісіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген 1983 жасөспірімнің ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылған.
Сонымен қатар Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Аманқұлұлы «МЖК» аумағында орын алған қайғылы жағдай, 3 жастағы бүлдіршіннің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі жіті бақылауға алғанын атап өтті. Қала прокуроры бұл бағытта жергілікті атқарушы және құқық қорғау орандарына тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.