Үшінші мегаполисте «Қанымыз бірге» атты қайырымдылық акциясы өтті

0
3 212

Аталған акция 1-наурыз – «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылды.


Үшінші мегаполисте «Қанымыз бірге» атты қайырымдылық акциясы өтті

Шымкент қаласында этномәдени бірлестік өкілдері донор болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қалалық қан орталығына келіп, донорлық акцияға қатысты, қандарын тапсырды.

Донорлық акцияға Ассамблеядағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, мүшелері – жалпы, 30-дан асам адам қатысты. Игі іс 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында қолға алынған және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Бұл іс-шарамыз «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 игі іс» марафоны аясында қолға алынып отыр. Қайырымдылық марафонының өзі бүгіннен бастап қараша айына дейін жалғасады, - деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің этномәдени бірлестіктермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Ұлжан Айтубаева.
Еріктілер, ең алдымен, қалалық қан тапсыру орталығына барып, арнайы тексерістен өтті. Онда азаматтардың бойы мен салмағы, қан қысымы және басқа да ауруларының бар-жоғы тексерілді. Тексерістен өткен азаматтардан белгілі мөлшерде қан алынды. Содан кейін азаматтар 30 минут дәрігерлердің бақылауында болып, үйлеріне қайтты.
Этномәдени бірлестіктердің мүшелері мұндай игі іске қуана қатысып отырғандарын, өзге жандарға қол ұшын созудың үлкен қайырымдылық екенін атап өтті.

Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 16 этномәдени бірлестік елдің бірлігін бекемдеп, ырысты ынтымағын арттыру бағытында табысты жұмыстар жүргізіп келеді.