Үшінші мегаполисте судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде

0
826


Үшінші мегаполисте судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде
Бүгін Шымкент қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Серік Әуесхан Досболұлы шомылу кезеңінде су айдындарында қауіпсіз демалуды ұйымдастыру шаралары туралы түсіндірді.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі қызметтік міндеттерінің бірі - қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Спикердің айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша су айдындарында 43 адам суға бату оқиғасы орын алған, оның ішінде 17-і бала. Салыстырмалы түрде көршілес Түркістан облысында жыл басынан бері 5 жазатайым оқиға орын алған.
Шымкент қаласы бойынша су айдындарында 1 жазатайым оқиға тіркелген.
Үшінші мегаполисте климаттық жағдайына байланысты, судағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар сәуір айынан бастап қарқынды түрде жүргізілуде.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің («2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар туралы») қаулысына сәйкес қала әкімі Ғ.Сыздықбековпен іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мекемелерге орындау үшін жолданған.
Аталған жоспар, мүдделі мемлекеттік органдардың жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті іс-шаралар кешенін қамтиды.

Қала аумағындағы су айдындарында 5 ресми орын белгіленген, оның үшеуіне шомылуға рұқсат етілген. Олар, «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындарымен Қошқар ата өзенінің бастауы. Сонымен қатар, екеуі спорт және туризмға арналған Дендрологиялық саябақ пен Жайлау көл.

Шомылуға тыйым салынған 13 орын айқындалып, 72 ескерту белгілері орнатылған. Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 195 рет рейд жүргізіліп, 20952 адам қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізілуде.
Бұқаралық ақпараттық құралдарында және әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарда LED экрандар арқылы «Судағы қауіпсіздік шаралары» бойынша бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылуда және тұрғындардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолданып отыр. Осы орайда, Әуесхан Досболұлы барлық қала тұрғындары мен қонақтарын ескерту хабарламаларға назар салуын сұрады.
Бөлісу