Үшінші мегаполистегі ең көне мектепке 146 жыл

0
701

Аталған гимназия биыл Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген.


Үшінші мегаполистегі ең көне мектепке 146 жыл

Шымкент қаласындағы ең көне мектеп – М.Х.Дулати атындағы №8 үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназияда бүгін 146-шы соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мектеп түлектерінің салтанатты іс-шарасына қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков қатысты.
Е. Білісбеков барша мектеп бітірушілерін соңғы қоңырау күнімен құттықтап, оларға жарқын болашақ тіледі.
– Бұл білім ұясы – қаламыздағы ең көне және тарихы терең мектеп. Бүгінде есімдері елге танымал қаншама азаматтар осы мектептен қанат қаққандарын мақтанышпен айтады. Өзім де №8 мектеп-гимназиясының түлегімін. Құрметті мектеп бітірушілер, баршаңызға өмірлік сәттілік тілей отырып, ұлағатты ұстаздарымызға қажырлы еңбектері үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Үнемі шығармашылық ізденістің, жоғары оқу сапасына ұмтылудың арқасында мектеп 80-жылдардың соңында дарынды балаларды көпсалалы оқыту бойынша эксперименттік алаң мәртебесін алды. 1992 жылы мектеп гимназия мәртебесін иеленген. Бүгінде оқушыларды үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия.
2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша 1997 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 158 -і 11-сынып түлектері. 22 түлек «Алтын белгі» төсбелгісін алуға үміткер. Үздік аттестат алуға үміткерлер саны – 6.
Айта кетерлігі, гимназия биыл Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне еніп отыр. Сонымен қатар, «Шымкент жастар лигасының» ширек финалында бас жүлдені иеленген.