Жайлау күні: Шымкенттік оқушылар мыңға жуық құс ұясын жасады

0
607

Іс шара аясында ұйымдастырылған мерекелік ойындарға қатысқан белсенді тұрғындарға сыйлықтар таратылды.


Жайлау күні: Шымкенттік оқушылар мыңға жуық құс ұясын жасады

Әз Наурыздың Жайлау күні қарсаңында шымкенттіктер қоршаған ортаға, табиғатқа көңіл бөліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтар болсақ, тұрғындар көшелер мен аулаларды тазартып, көшеттер, гүлдер отырғызып қаланы көріктендіруге атсалысуда.

Сонымен қоса, Арбат алаңында қалалық білім басқармасы мен мемлекеттік зоологиялық саябағы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көрме ұйымдастырылды. Табиғатты аялауға шақыратын игі шарада көпшілік жергілікті білім ұйымдарының оқушылары дайындаған 1000-ға жуық құс ұялары мен ерекше құстарды тамашалады. Іс шара аясында ұйымдастырылған мерекелік ойындарға қатысқан белсенді тұрғындарға сыйлықтар таратылды.
Аталған игі бастамалар ертең дендросаябақта жалғасады. Еріктілер ұяларды орнатып, табиғат көркі-құстарға қамқорлық көрсетеді. Өз кезегінде табиғатты аялауға шақыратын игі іс-шараға қала тұрғындары өте белсенді атсалысты. Шаһар тұрғындары мұндай бағыттағы іс-шаралардың пайдасы көп екенін тілге тиек етті.

Айта кетерлігі, Шымкенттіктер Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы атаулы күнде ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл тарихты тірілткен мерекелік іс шараларды тамашалауда. Атап айтатын болсақ, «Наурыз Шымкенттен басталады» кешенді жоспары аясындағы іс-шаралар желісі Шежіре күнімен жалғасады.

Мәдениет мекемелерінің қызметкерлері шежірелі тарихымыздан сыр шерткен Әл-Фараби бабамыздан бастап, шығыстың шайырлары, Абылайханның дәуірін, Домалақ ана, Қыз Жібек және ұлттық киімдегі ходулистер, қыз көші көріністерін қояды. "Арбат” алаңы арқылы «Қиял әлеміне» беттейтін көш халық өмірінің тарихи эпизодтарына құрылған. Сахналық көріністер домбыра-сырнай әуенімен әсерлі өрбуде. Көш арнайы белгімен кері қайтып, күн бойына бірнеше рет көрсетіледі.

Айта кетейік, шежіремізді тарқатып, түп-тамырымызды тануға сеп болатын мерекелік шаралар кешке дейін жалғасады.