"Барып тұрған сандырақ": UFC-дегі қазақстандық қыздың төңірегінде дау шықты

0
641

​Мария Агапованың қарсыласы UFC-дегі алғашқы қазақстандық спортшы қызды есірткі шегіп, жүкті әйелді пышақпен қорқытты деп айыптады.


ERNUR.KZ. Қазақстандық спортшы Мария Агапованың менеджері Александр Ромашов украиналық Марина Мороздың айыптауларына жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін Мороз қазір АҚШ-та жаттығып жүрген Агапова American Top Team-дағы әріптестеріне қоқан-лоққы көрсеткенін, есірткі шеккен күйі өз автокөлігін қиратқанын, сондай-ақ жүкті келіншекті пышақпен қорқытқанын мәлімдеді.




Агапованың менеджері championat.com сайтына берген сұхбатында бұл айыптауларға қатысты түсініктеме берді.

"Байқаймын, Мороз Агапованың UFC-ға дейін Invicta-да бүкіл қарсыласын мерзімінен бұрын сұлатқанын, ал кейін UFC-дағы алғашқы жекпе-жегінде бонусқа ие болғанын мүлде назарға алмай тұрған сияқты. Сонда, Мороздың пікірінше, Маша мұның бәрін түнгі есірткіге масайған кештерінен кейін жасады ма? Бұл барып тұрған сандырақ емес пе?!", - деді Ромашов.

Менеджер Агапова жекпе-жектерге үнемі еш кедергісіз кіретінін мәлімдеді. USADA тарапынан ауыр есірткілерді қолданды деген айып тағылған емес.

"Мария спорттан шеттетіліп немесе қуылған жоқ. Керісінше, UFC оған жекпе-жекке келісімшарт ұсынды, ол қол қойды. Ресми анонс күтіп отырмыз", - деп жалғастырды сөзін Ромашов.

Сондай-ақ ол Агапова АҚШ азаматы емес екенін, сол себепті егер оның біреуге қоқан-лоққы көрсеткені расталса, баяғыда елден депортацияланатынын еске салды.

"Оны біреуді қорқытқаны үшін емес, одан да жеңіл теріс қылығы үшін депортациялай алады. Алайда түрме жазасы немесе депортация туралы сөз жоқ, оны полицияға да алып кетпеді, айыппұл да салынбады", - деді Ромашов.

Мария Агапова Павлодарда дүниеге келген. Ол кәсіби мансабын 2015 жылы бастады. Агапова UFC-дағы алғашқы қазақстандық қыз атанды.