Беларусь елінің 6 дүркін чемпионы Қазақстанда дүниеге келген.
ERNUR.KZ. Қостанайдың «Тобылы» қысқы трансферлік маусым кезінде құрамын бірнеше жаңа ойыншылармен толықтырды, деп жазады ҚазАқпарат клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«БАТЭ» клубының экс-шабуылшысы Михаил Гордейчук мансабын «Тобылда» жалғастырады. Беларусь елінің 6 дүркін чемпионы Қазақстанда дүниеге келген. Футболшы мансабын «Шахтер» клубында бастады. 2007 жылы 19 ойын өткізіп, 3 гол соққан. Шабуылшы бұған дейін «Волна», «Нафтан», «Белшина» және БАТЭ командаларының жейдесін киген. Ұлттық құрама сапында 25 кездесу өткізіп, 4 мәрте көзге түскен.
Михаил Гордейчук қостанайлық клубпен 2 жылға келісімшартқа отырды.
Transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, Гордейчук өз елінің ең қымбат футболшысы саналады. Оның құны - 2 миллион евро.
Қостанай командасымен 2 жылға келесімшарт жасасқандардың қатарында қақпашы Андрей Пасеченко да бар. «Атыраудың» экс-қақпашысы 2018 жылғы маусымда 1527 минут өнер көрсетті. 17 гол енгізіп алса, 47 соққыны қайтарып, 13 сейв жасады. Былтырғы үздік қақпашылардың тізімінде 14-ші орынға жайғасты. Ол 2012 жылы Қазақстан футбол лигасының үздік қақпашысы атанды.
Жас футболшы Руслан Валиуллин де «Тобыл» құрамына алынды. Жартылай қорғаушы қостанайлық клубта 2 жыл доп тебеді. Руслан Валиуллин өткен маусымда «Ақтөбенің» сапында доп тепті. Оған дейін оралдық «Ақжайықтың» намысын қорғап келген болатын.