Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты қайта жалғасады

0
677

Коронавирус пандемиясына байланысты 15 наурыздан кейін елімізде доп додасы белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.


Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты қайта жалғасады

ERNUR.KZ. Бүгін елімізде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші тур ойындары өтеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетелік, коронавирус пандемиясына байланысты 15 наурыздан кейін елімізде доп додасы белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Сол уақыт аралығында қаржы мәселесіне орай Павлодардың «Ертіс» командасы чемпионат ойындарын жалғастырудан бас тартты. Енді доп додасында барлығы 11 команда бақ сынайтын болады.

Қазір турнир кестесінде үш ойыннан кейін 7 ұпаймен «Астана» командасы көш бастап келеді. Одан кейінгі орындағы «Қайраттың» 6, «Тобылдың» 4 ұпайы бар.

Бүгін «Қайрат» пен «Жетісу», «Тобыл» мен «Каспий», «Ордабасы» мен «Шахтер», «Қызылжар» мен «Оқжетпес», «Қайсар» мен «Тараз» командалары кездеседі.

Жақында өткен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) және Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) футбол инспекторларымен бейнеконференцияда бірқатар мәселелер талқыланды. Онда чемпионатты өткізу тәртібі нақтыланды .




Енді санитарлық нұсқаудың қатаң талаптарына сай ойын кезінде жанкүйерлерге стадионға кіруге болмайды. Ойын кезінде қызмет ететін қызметкерлердің саны талаптарға сай шектеледі. Аталған қатаң ережелер команда өкілдеріне және ойынға қатысатын футболшыларға да қатысты болмақ.

Қосалқы ойыншылар отыратын жерде тек қана команданың бас бапкеріне, оның көмекшісіне және дәрігердің болуына рұқсат етіледі. Қосалқы құрам ойыншылары 2-3 метр арақашықтық сақтап, өз командалары отыратын орындықтардың артындағы трибунада отыруға рұқсат етіледі. Олар маска және медициналық қолғап киюі тиіс.

Ойын алдында сапқа тұру рәсімі болмайды, негізгі құрам ойыншылары стадиондағы шешінетін бөлмеден тікелей футбол алаңына шығады. Командаларға 5 ойыншы алмастыруға рұқсат етіледі. Бірақ ойын барысында кездесуді тек 3 рет тоқтатуға болады. Қосалқы құрамның ойыншылар тізіміне енді 12 адамды кіргізуге болады.

Сондай-ақ, футболдан бірінші лиганың ойын күнтізбесі белгілі болды.