Бұл - қазақстандық джиу-джитсу тарихындағы ең ірі шара
ERNUR.KZ. Қазақстандық 5 спортшы Таиланда джиу-джитсуден студенттер арасында өткен Әлем кубогында 5 алтын жүлдеге қол жеткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
Жарыс 10-11 сәуірде елдің солтүстік астанасы Чанг-Май қаласында JJIF халықаралық джиу-джитсу федерациясының және FISU Халықаралық университеттік спорт федерациясының қамқорлығымен ұйымдастырылды.
«Айта кетейік, 12 елдің мықтылары қатысқан беделді жарыста 5 спортшы Қазақстан намысын қорғады. Бұл спортшылардың барлығы жүлделі болып, Әлем кубогында алтын медальді қанжығаға байлады. Оның ішінде Дархан Нортаев, Қуандық Қонысов, Галина Дуванова, Нұрсұлтан Дүйсенқұлов және Жәнібек Әбу-Бәкір бар. Бұл кәсіпқой спортшылардың әлеуеті зор. Олар өз шеберліктерін талай мәрте көрсеткен»,- дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы, Қазақстанның джиу-джитсу қауымдастығының президенті Болат Мажағұлов.
Әлем кубогы үш дисциплина бойынша өтті: Fighting, Ne-Waza және Duo- sistem.
Азия ойындарының жеңімпазы Дархан Нортаев 62 кг дейінгі салмақ дәрежесінде неваза-систем бөлімінде 4 кездесу өткізді. Спортшы барлық қарсыластарынан басым түсті. Жартылай финалда Дархан Нортаев БАӘ спортшысынан айласын асырса, ақтық сынды уақыттан бұрын аяқтады.
Сонымен қатар, дүбірлі додада неваза-систем бөлімінде 56 кг дейінгі салмақ санатында күш сынасқан Қуандық Қонысов та сәтті өнер көрсетті. Жерлесіміз Әлем кубогында өз шеберлігінің арқасында алтын жүлдеге қол жеткізді. Қуандық қарсыластарын сабмишпен (ауыртпа тәсілмен) жеңді.
Әйелдер арасында неваза-систем бөлімінде 57 кг дейінгі салмақ санатында елордалық Галина Дувановаға таң келер ешкім болмады, спортшы үздік техникасының арқасында барлық жекпе-жектерде таза жеңіске жетті. Файтинг-систем бөлімінде 69 кг дейінгі салмақ санатында Нұрсұлтан Дүйсенқұлов пен 62 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Жәнібек Әбу-Бәкір Қазақстан құрамасының қоржынына тағы да жүлде салды.
JJIF Джиу-джитсуден халықаралық федерация өкілдері Әлем кубогында өнер көрсеткен қазақстандық спортшылардың дайындығы мен шеберлігіне жоғары бағасын берді. JJIF Джиу-джитсу халықаралық федерациясының мәлімдеуінше, студенттар арасындағы Әлем кубогы - аталған спорт түрін Дүниежүзілік универсиада бағдарламасына енгізудегі алғашқы қадам.
Қазақстан Республикасының джиу-джитсу қауымдастығы джиу-джитсуды және оның бағыттарын Қазақстан Республикасының университеттік спорт түрлері федерациясына енгізу бойынша келіссөз жүргізуде. Айта кетейік, 19-23 маусымда еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда джиу-джитсуден Grand Prix Nur-Sultan Open халықаралық рейтингтік турнирі өтеді. Жарысқа бүкіл әлемнен 3 мыңнан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Бұл - қазақстандық джиу-джитсу тарихындағы ең ірі шара болмақ.